^Жоғары

Директордың жеке блогы

Сайтқа кіру

Сайт қонақтары

Қазір 234 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр

Все для Joomla . Бесплатные шаблоны и расширения.

М.Тынышбаев – шұғылалы оңтүстікке теміржол салған тұңғыш қазақ

Жуырда ғана, яғни Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 26 қыркүйектегі № 741 қаулысымен Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасы Арыс қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімінің Қызылкөпір ауылындағы «№3 жалпы орта білім беретін мектебіне» Мұхамеджан Тынышбайұлының есімі берілді. Осы жаңалықтың басы-қасында жүрген азамат ретінде, соңғы 3-4 жылда мазамды алып жүрген тақырып ретінде, Мұхамеджан Тынышбаевтың өткен өміріне үңіле түстім.
Алаштың ірі қоғам және мемлекет қайраткері, тарихшы, ағартушы, тұңғыш темір жол инженері Мұхамеджан Тынышбаев 1879 жылы 12 мамырда Жетісу облысы Лепсі уезі Мақаншы-Садыр болысында (қазіргі Алматы облысы Қабанбай ауданы) дүниеге келген. Ауыл молдасынан хат таныған соң, 1890 жылы Верный ерлер гимназиясының даярлық сыныбына қабылданады.
Мұхамеджан Тынышбаевтың тағдыр-талайы білім мен ағартуға, ұлттық теңдік пен өркениетке ұмтылған қазақ халқының тағдырымен бір. Даярлық сыныпты қоса есептегенде, 10 жыл аталған гимназияда оқыған М.Тынышбаев оны алтын медальмен бітіріп, император Александр 1 атындағы Петербор темір жол транспорты институтына қабылданады. Оны 1906 жылы бітіріп шығады.
Халқымыздың тарихының бұрын зерттелмеген қиын кезеңдеріне арнап, дереккөздері бай, ғылыми тұрғыдан негізделген іргелі еңбектер жазады. Оның тарихты терең түсіне білгендігі, зерттеушілігі, қазақ халқының өміріне, кейінгі тағдырына әсер еткен ірі оқиғаларды түпқазық етіп алып, жүйелі қарастыруынан байқалады. Бұл пікірге Тынышбаев еңбектеріндегі «Қырғыз-қазақ руларының шежіресі», «Қырғыз-қазақтың шығу тегі», «Қазақ этнонимі туралы», «Алтын Орданың күйреуі», «Қазақ хандығының құрылу тарихы», «Ақтабан шұбырынды» сияқты көптеген еңбектерінің бар екендәгәмен таныстым.

Көне дәуірдегі қазақ тарихы, орта ғасырлар кезеңі мен сол кездегі жаңа засманды салыстыра зерттеуі – тарихшы-ғалымның өзіндік қалыптасқан тарихи көхқарасы болғандығын көрсетті. Еңбектерінің ұлттық мүдде тұрғысынан жазылғандығын, қандай да бір халықтың тарихын жазу үшін сол ұлттың тарихын, салт-дәстүрін, мәдениетін жетік меңгеру қажеттігін берік ұстанған ғалым екенін аңғара түстім. М.Тынышбаев жөніндегі осындай зерттеулер мен шыққан кітаптарды ақтара түстім.
Ойыма өткен жылы жерлесім, рухани досым-ағам, әрі әріптесім марқұм Жарылқасын Боранбаевпен болған әңгіме түсті: «Қазақтан шыққан тұңғыш теміржол қатынастарының инженері Мұхамеджан Тынышбаевтың ата-бабаларының оңтүстік өңірдегі өмір сүрген кезеңі 1680 жылдардан басталады. Оны біреу білсе, біреу білмейді»,-дегенде, мен елең ете қалған едім. Иә, ақын, әрі ұстаз, өлкетанушы ретінде халықтың құрметіне бөленген Жақаң осы өңірдегі Ақбастаудың тумасы болатын.
М.Тынышбаев 1923 жылы бұрынғы Шошқабұлақ, қазіргі Ақбастау ауылының маңындағы Бөген өзенінің бойында тұратын Ошақтыдан шыққан, Бәзек ақсақалмен кездескен екен.Тарихи аңыздың шындыққа жанасатынын осыдан да аңғаруға болады.
1921,1922,1923 жылдары Мұхамеджан Тынышбаев Оңтүстік өңірді қайта-қайта аралайды, Қаратаудың бөктерінде Үлкен тұрада да болған. Осындай сапарларының бірінде Шаяндағы мешіт-медреседе қожа Мәді-Мағзұммен кездеседі. Мәді-Мағзұм Мұхамеджанға Төлегетай бабасының ХVI ғасырда Сырдарияның бойындағы Өзгент қаласының маңында өмір сүргендігі жайлы дерек берген. Осы ізденістерінің негізінде, 1925 жылы Ташкент қаласында Мұхамеджан Тынышбаевтың «Қазақ халқы тарихынан мәліметтер» атты кітабы жарық көреді. Ол қазақтың қайдан шыққанын, ұлтымыздың 1917 жылға дейін қанша болғанын жазып қалдырып, терең зерделеуі арқылы тәнті етеді.
«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» басталған 1723 жылы көктемде жоңғарлар 7 түмен әскерімен қазақ жеріне басып кіреді... Әр жерде орналасқан, қыстан жүдеп шыққан қазақ қыстаулары қапыда қырғынға тап болады... Оңтүстіктіктегі Арыс, Боралдай өзендерінің бойын жайлаған садыр руының батыры Жомарт жоңғарларды әулетімен өз қонысында қарсы алады. Шапқыншылардан қорғанып, батыр ауылы Қаратау бөктеріндегі Теректі бұлағын өрлеп, Үлкен Тұраға бекінеді. Өкініштісі, осы жерде Жомарт батырдың ауылы қоршауда қалып кетіп, қырғынға ұшырайды. Бір ғажабы-жаңа туған Тасболат есімді нәресте ғана аман қалады. Ол Жомарт батырдың перзенті еді. Тасболат Жомарт - Мұхамеджан Тынышбаевтың бесінші атасы болып келеді.
...1914 жылы Мұхамеджан Тынышбаев Жетісу темір жол құрылысына қайта ауысады. Бұл жылы ол Арыс - Әулие ата учаскесінің басшысы және бас инженері болып қызмет атқарады. Уақытпен санаспай, күні-түні еңбек етудің арқасында Арыс-Түлкібас-Тараз қалалары аралығындағы үлкен темір жолды салдырады. Халық Мұхамеджан Тынышбаевты оңтүстік өңірге теміржол салған қазақ инженері ретінде мойындады.
1915 жылы Түлкібас стансасының маңында инженер Мұхамеджан Тынышбаевқа Ташкент мұғалімдер институтына оқуға барғысы келгенімен, қаржыдан қысылып жүрген бала Тұрар Рысқұлов ұшырасады. Оқуға талпынған Тұрарды көргенде, өзінің бір кезде осылай қиналғаны есіне түсіп, Тұрарға әжептеуір қаражат ұсынады және мұндай керекті қаражатты кейін де адресіне салып тұратынын айтады. Екі азаматтың осы риясыз көңілі адал бауырластыққа ұласады..
1920 жылы 21 қаңтарда Тұрар Рысқұловтың Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы болып сайланған кезінде, М.Тынышбаев Түлкібаста Тұрар Рысқұловпен қалай танысқандығы есіне түсіп, қуанышында шек болмайды. Бір кездері қиналған кезінде қолтығынан демеген інісінің тұлға болып қалыптасқанына, абыройлы азамат болғанына қуанады.
...1922 жылы Түркістан өлкесі Халық Комиссариаты жер бөлімінің жолдамасымен Шымкент Су шаруашылығының басшысы болып тағайындалады. Әйелі Гүлбахраммен Шымкенттегі Садовая көшесіндегі №13 үйде пәтер жалдап тұрады.
1923 жылы көрші елдерден келген тырысқақ ауыруы 20 мыңға жуық халық тұратын Шымкент шаһарына да жетеді... Петербургте медициналық білім алған Верный қаласының атақты фельдшері Баки Чалымбековтың қызы Гүлбахрам ата кәсібін жалғастырып, ескі барактарда науқастарға ем-дом жасауға кіріседі. Алайда, жұқпалы індет жұқтырған үш баланың анасы Гүлбахрам Чалымбекова 1923 жылы тырысқақ (холера) ауруынан өмірден өтеді. Артында Ескендір, Фатанад-Бану және Динар-Зада атты балалары қалады.
1927 жылдан Түркістан – Сібір темір жолы құрылысында еңбек етті. Мұхамеджан Тынышбаевтың кәсіби шеберлігі Түрксіб темір жолы құрылысын салу барысында айрықша танылды. «Шойынжолдар шеберінің» ерен еңбектері елге жетіп жатты. Аты аңызға айналды.
Алайда, осы еңбектеріне қарамастан, Мұхамеджан Тынышбаевты билік қуғвн-сүргінге ұшыратты. Түрксібті салып жатқан кезінде, 1930 жылы тамыздың 3-інде тұтқынға алады. Оған «халық жауы», «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айыптар тағылып, саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болады.
2005 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің тапсырысымен жарық көрген «Оңтүстік Қазақстан энциклопедиясы» кітабындағы Садыр Қамал - «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» тұсындағы қайғылы оқиғалардан қалған тарихи орын. Жетісу, Талас жерін басып, Қаратау асуларынан асып, жойқын шабуылдап келе жатқан қалың жаудан хабар алған қазақ ауылдары үдере көтеріліп, Қос дария жағына көшкенде Арыс, Боралдай бойын жайлаған Найманның Садыр руының батыры Жомарт жауды ауыл-әулетімен осында көктеу қонысында қарсы алыпты. Жау жасағына қаруланып қарсы тұрған батыр ауылы күші әлдеқайда басым жаудан қорғанып, Теректі бұлағына өрлеп, Үлкен Тұра шыңына бекініпті. Бірақ батыр ауылы жау қоршауында қалып, түгелдей мерт болады. Жаңа туған нәрестесімен бір жас келін тасада аман қалған екен. Садыр ауылының мерт болған орнын ел-жұрт «Садыр қамалған жер» деп атаған деген жолдар бар.
Алайда, 2009 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасы мемлекеттік тапсырыс бойынша «ОҚО жер-су, елдімекен атауларының қысқаша тарихы» атты кітап шығарды. Оның редакция алқасында Күлия Айдарбекова, Мархабат Байғұт, Қайырғали Медет т.б. қаламгерлер болған. Осы кітаптың 30-31 беттерінде «..Осы екі таудың арасы «Садырқамал» деп аталады. Себебі, бұл жерде қалмақтардың екінші бір Садыр деп аталатын батырсымағы қолына түскен азаматтарды апарып, қамауға алып, қырып тастап отырған. Содан келіп бұл жер «Садырқамал» атанып кеткен»» деп жазылған.
Сонда елге танымал азаматтардың тарихты бұрмалауға жол бергені қалай болған?
2017 жылғы 21 қазанда облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде «Тынышбаев пен Рысқұлов кездескен Түлкібас вокзалында ескерткіш орнатылса...» атты сот жүйесінің ардагері Өміртай Қалықұловтың мақаласы жарияланды. Осы мақаланы оқығанда әлі де өткенімізді ұмытпаған жандар бар екен ау деп қуандық.
«Айғақ» газетінде қаламгер-өлкетанушы Жарылқасын Боранбаев жариялаған деректе: «1931 жылы ОГПУ тергеушісіне берген жауабында М.Тынышбаев былай дейді: "Мен 1914 жылы Жетісу темір жол тармағындағы құрылыста жүріп, Түлкібас маңында болдым. Жазда Алматы округынан келіп қоныстанған Рысқұловтың туысқандары тұратын ауылға орнықтым. Бұл жер өте көрікті болатын. Онда 14-інші және 15-інші жылдары тұрақтадым. 1915 жылы маған бір қазақ Түлкібас поселкесінде Рысқұлдың баласын көргенін және оның қаражатсыз оқуға бара жатқанын айтты. Мен одан сол баланы маған алып келуін өтіндім. Сонда ғана мен Тұрар Рысқұловты алғаш кездестірдім. Ол қаражаттан тапшылық көргендіктен, (дәл есімде жоқ 150 сом ба, әлде 100 сом ба) қаражат жиып бердім. Оның маңдайынан сүйіп, «Хат жазсаң болды, жылына 30 сом салып тұру мен үшін қиын емес деп айттым”,-дейді. Бұған ҚР еңбек сіңірген халыққа білім беру қызметкері, түлкібастық мұғалім Елемес Күзембаевтың «Тұрар» атты деректі романы да айғақ бола алады.
2018 жылғы 26 қыркүйекте Түлкібас ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбеков ауданның 90 жылдық мерейтойы аясында Түлкібас темір жол станциясында М.Тынышбаев пен Т.Рысқұловтың ескерткішін салтанатты түрде ашты.
Иә, аз өмiр сүрсе де қазақ халқы үшiн көп еңбек сiңiрген, жанын пида еткен Мұхаммеджан Тынышбаев қазақ халқының есiнде мәңгi қалады.
Ол Кеңес өкiметiне: “Мен халқымды ерекше сүйемiн, ал сендер менi ұлтшыл дейсiңдер...”, - деп, хат жазған.
Бұл – қазақтың тұңғыш темiржол инженерi, тарихшы-ғалым, қоғам қайраткерi, II Мемлекеттiк думаның депутаты, Қоқан автономиясының басшысы Мұхамеджан Тынышбаевтың соңғы хаты болатын...
2021 жылдың 10 қарашасында тарихы теміржолмен тамырласып жатқан Арыс қаласының 65 жылдығына арналған іс-шара өтті. Шара барысында қайта жөндеуден өткен теміржолшылар саябағын араладық. Ол жерде теміржолшылардың тізімі жазылыпты. Тізімді Социалистік Еңбек ері Әуезхан Салықбай бастап тұр екен. Жиын соңында Арыс қаласының әкімі бәріміздің басымызды қосты. Төрде жазушы Дулат Исабеков, аудан қариялары, сол кездегі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев отырды. Жиында облыстық мәслихаттың депутаты ретінде маған сөз берді. Сонда М.Тынышбаевтың қазақтан шыққан тұңғыш теміржолшы екендігінен бастап, бірнеше тарихи фактілерді айтып, ұсыныс білдірдім: «Өзі салған Арыс теміржол станциясында ескерткіш-бюсті болу керек. Мысалы, Түлкібас ауданында Тұрар Рысқұлов екеуіне арнап ескерткіш қойылған. Тұңғыш теміржолшы кезінде Арыс пен Түлкібас арасындағы шойын жолдың салынуына тікелей мұрындық болған әрі салынған кезде басшылық жасаған.
Сондықтан, Арыстағы еңбегі сіңген теміржолшылар тізімінің басында Тынышбаевтың есімі бірінші тұру керек! Аудан мен облыс энциклопедиясына да өмірдерегін енгізіп, тарихта қалған еңбектерін елеусіз қалдырмауымыз қажет!».
Осылайша, Шұғылалы Оңтүстікте Мұхамеджан Тынышбаев қалдырған өшпес іздер мен халық игілігіне мәңгілік жарап жатқан күрделі шойынжолдар сайрап жатыр...
Халықтың бақытты өмірі үшін бар ғұмырын арнаған адал ұлын елі ешқашанда ұмытпайды!
РZ. М.Тынышбаев кезінде патша үкіметінің қудалауына ұшыраған, Кеңес заманында да репрессияның зардабын әбден тартқан бірегей тұлға.
Алайда, ел егемендігін алған тәуелсіздік жылдары тарихтың бұрмаланып, нақты дәйексіз жазылған мына бір еңбек том-том ғылыми еңбектерді ақтарып, осы мақаланы жазуыма себеп болды.

WhatsApp Image 2022 11 26 at 16.07.18WhatsApp Image 2022 11 26 at 16.07.18 1WhatsApp Image 2022 11 26 at 16.07.18 2

WhatsApp Image 2022 11 26 at 16.07.18 3WhatsApp Image 2022 11 26 at 16.07.18 6WhatsApp Image 2022 11 26 at 16.07.19

WhatsApp Image 2022 11 26 at 16.07.18 4WhatsApp Image 2022 11 26 at 16.07.18 5

WhatsApp Image 2022 11 26 at 16.07.19 1WhatsApp Image 2022 11 26 at 16.07.19 2

WhatsApp Image 2022 11 26 at 16.07.19 3WhatsApp Image 2022 11 26 at 16.07.19 4

WhatsApp Image 2022 11 26 at 16.07.19 5WhatsApp Image 2022 11 26 at 16.07.19 6

WhatsApp Image 2022 11 26 at 16.07.19 7

 

Copyright © 2024. Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы жалпы білім беретін мектеп" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.


Facebook # #